05 қар, 2020 сағат 08:05

Австрия ІІМ: Венада оқ атқан адам ИМ экстремистік тобына қосылғысы келген

2 қарашада Венада 4 адамға оқ атқан мерген жалғыз өзі әрекет еткен. Бұл ақпаратты Австрия ішкі істер министрі Карл Нехаммер мәлімдеді. 

Нехаммердің сөзіне қарағанда, 3 қарашада Австрия полициясы "террористік ұйымға қатысы бар" деген күдікпен 18 бен 28 жас аралығындағы 14 адамды ұстаған. Олардың арасында Австрия азаматтарымен қатар Бангладеш, Солтүстік Македония, Түркия, Ресей азаматтары да болған. 

Словакия билігінің мәліметінше, шабуылдаушы 2020 жылы жазда Словакиядан оқ-дәрі сатып алмақ болған. Алайда қару ұстау рұқсаты болмағандықтан ала алмаған. Словакия билігі бар ақпаратты Австрияның барлау қызметіне тапсырғанын хабарлады. 

Вена орталығында адамдарға шабуыл жасаған 20 жастағы Куйтим Фейзулайда Австрия және Солтүстік Македония паспорты болған. Ол ұстау операциясы кезінде атып өлтірілді. 

Фейзулай былтыр сәуір айында "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылуды көздеп, Сирияға кетпек болғаны үшін 22 айға бас бостандығынан айырылған. Бірақ 8 ай ғана түрмеде отырып, 2019 жылы желтоқсан айында босап шыққан. 

Австрия ішкі істер министрінің айтуынша, Фейзулай "дерадикализация" бағдарламасының қатысушысы болған. Сырт көзге Австрия қоғамына араласып кеткендей болып көрінгенімен экстремист өзінше мақсат құрып, әрекет еткен.