20 қыр, 2021 сағат 21:54

Ауыр атлетика федерациясы Альберт Линдердің қазасы төңірегіндегі дауға пікір білдірді



Ауыр атлетика федерациясы Альберт Линдердің қайтыс болуына байланысты тексеру жүргізетінін мәлімдеді. 


"Кеше кешкісін ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасы құрамасының бұрынғы мүшелері, оның ішінде қаза тапқан Альберт Линдердің ағасы әлеуметтік желідегі парақшаларында құрама командасының жаттықтырушыларына шағым және сын айтты. Ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасауға ниетті", - деп жазылған федерацияның сайтында. 


Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, жақын арада федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді, оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады. 


Естеріңізге сала кетейік, 17 қыркүйекте талантты спортшы, ауыр атлет Альберт Линдер өмірден озғаны хабарланды


Линдер жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және Азия чемпионы болған. Универсиадада жеңімпаз атанып қана қоймай, рекордқа да қол жеткізді.


Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин  Instagram парақшасында спортшы Альберт Линдердің өліміне қатысты пікір білдірді. Ильин карьерадан кейін ауыр атлеттердің назарсыз қалатыны себеп екенін айтты. 


"Спортшылардың психологиялық және физикалық жарақаты болады. Өкінішке қарай, біз олармен күресе алмаймыз. Бізде спорт медицинасы қалағанымыздай емес. Сондықтан да біз спортшыларымыздан айырылып жатырмыз. Өйткені карьераны аяқтағаннан кейін біз ешкімге керек емеспіз. Жеңістен кейін үлкен тәжірибені қайта бастау керек екенін сезесің. Ал бұл үрей туғызады", - деп атап өтті Ильин.