Фото: Facebook.com
Ақтөбе облысының Жарлы ауылында құдыққа түсіп кеткен қызды құтқармақшы болған 37 жастағы азамат туралы тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Марқұм Нұрбол Бердіғалиев Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан шыққан бапкер. 2021 жылы Жарлы ауылында ашылған дене шынықтыру орталығына жұмысқа орналасып, ауыл балаларынан чемпион шығарамын деген арманы болған екен. Бапкер туралы жазбаны журналист Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Осы ауылдан “Ауыл спорты” деген республикалық жобаның жеңімпаздарын шығарып үлгерді. Жобаға жауапты Құлыбаевтың қоры да қайғыра көңіл айтып жатыр", - деп жазды журналист.
Ақырыс Сейітқазы оқиғаның қалай болғанын жазды.
"Жарлы ауылында еңбек етіп жүрген Нұрбол көрші үйдің 9 жасар қызын құдықтан алып шығамын деп, өзі де бақилық болды. Құдықтың беті қаңылтырмен жабылған, бірақ 3-сынып оқушысы ойнап жүріп, байқамай түсіп кетеді. Мұны көрген көршісі Нұрбол құтқаруға асығады. Бірінші рет түскенде тұншыққанын айтып, қайта шыққан деп естідім. Әйелі қарсы болып, қайта түспеуін өтінсе де, ол мұрнын орамалмен жауып, қызды құтқару үшін құдыққа екінші рет түседі. Содан тірі шықпады. Ресми ақпар бойынша, кішкентай қыз да, Нұрбол да газға тұншыққан", - деп жазды ол.
Марқұмның артында алты баласы қалды.
"Нұрболдың еркін күрестен жарыстарға қатысып жүретінін мектеп кезінен еститінмін. Кейін ауыл балаларын жаттықтыра бастады. Ауылда күрес жайлы айтылса, Нұрболдың аты қоса жүретін. Байғаниндегі еркін күресті көтеремін деп, әр есікті қағып, шапқылап жүретінін достары үнемі айтушы еді. Нұрболдың қазасы бүкіл Байғанин жұртын есеңгіретіп тастады. Барша ауылдасқа қайғыра көңіл айтамын", - деп жазды Ақырыс Сейітқазы.
Осыған дейін Ақтөбеде құдыққа түсіп кеткен бала мен ересек адам қайтыс болғаны туралы жазған болатынбыз.