«Қазақстанда жасалған» ауылшаруашылығы техникасының лизингісі бойынша қаржыландырудың жеңілдетілген бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«ҚазАгро» холдингі қазақстандық фермерлерге шарттарды жеңілдетуді жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнесті қолдау туралы тапсырмасы шеңберінде 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап «ҚазАгро» холдингінің «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы техника мен көлік құралдарының лизингісі бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландырудың «Қазақстанда жасалған» атты арнайы жеңілдікті бағдарламасын іске қосты.
«Қаржы жылдық 6% мөлшерлемесімен, 10 жылға және 1 жылға дейін лизингтік төлемдер бойынша жеңілдікпен беріледі. Инвестициялық субсидия түріндегі берілетін мемлекеттік қолдаудың арқасында алғашқы төлем 0% құрайды және қандай да бір комиссияларды төлемей және кепілсіз беріледі. Өтінім қабылдау және қарау азайтылған құжаттар пакетінің электрондық көшірмелері негізінде жеңілдетілген тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаның іске асырылуы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге елеулі қолдау көрсетіп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып қана қоймай, отандық машина жасауды дамытуға оң ықпалын тигізуге мүмкіндік береді» делінген хабарламада.
Сонымен бірге, төтенше жағдай режимі кезінде «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы 2020 жылдың 15 маусымына дейін шағын және орта бизнес субъектілеріне тек қарыз шарттары бойынша ғана төлеу мерзімдерін ұзартып қана қоймай, сондай-ақ қаржы лизингі шарттары бойынша да тұрақсыздық айыбын есептемей төлеу мерзімдерін ұзартады.
«ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамына 2020 жылдың 21 сәуіріне дейін төлем мерзімін ұзарту туралы сомасы 2,59 миллиард құрайтын 171 өтінім түсті, сомасы 630 млн теңгені құрайтын өтінім мақұлданды.
Өтінімдерді орталық аппаратта да, сондай-ақ еліміздің барлық өңірінде орналасқан филиалдарда да қабылдайды.
Толық ақпаратпен қоғамның корпоративтік сайты немесе қоғамның Call-center (8(7172) 55-77-55) арқылы, сондай-ақ орталық аппарат пен филиалдардың телефоны арқылы танысуға болады.