Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауылдағы бизнесті несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрлар іріктеудегі жұмысына сын айтты, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, 2017-2021 жылдары Өнімді еңбек және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несиелеуді, шағын қаржылық ұйымдар мен кредиттік серіктестер бөлетін шағын несиелерді кепілдендіруді жүзеге асырады. Бұл мақсатқа бюджеттен 27 млрд теңге бөлінген. Оның 11 млрд теңгесі Аграрлық кредиттік корпорация арқылы жүзеге асырылады.
«Бүгінгі күні Аграрлық кредиттік корпорация бөлінген 11 млрд теңгенің 5,2 млрд теңгесін немесе 45 пайызын игерді. Қаржыны игерудегі ең жоғары көрсеткіш Ақтөбе облысында 86, Павлодар облысында 84 пайызды құрайды. Ал игеру Солтүстік Қазақстан облысында небәрі 15 пайызды құраса, Маңғыстау облысы игеруді бастаған да жоқ», - деді ол.
Осы орайда Үкімет басшысы бірінші вице-министрден аталған облыстар қаржыны игеруде артта қалып отырғандығын түсіндіруді талап етті.
«Біз мән-жайды анықтадық. Маңғыстауда Аграрлық кредиттік корпорацияның филиалы жоқ. Сондықтан Атыраудан несиелендіріледі. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз», - деді Айтуғанов.
Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев бизнесмендерді несие алу үшін Атырауға сабылтқанша Ақтауға қажетті мамандарды сапарға жіберу дұрыс болатындығын баса айтты.
«Шығыста да қаржыны игеруде проблема болған еді. Бүгінгі күні де ол бар. Біз директоры мен орынбасарларын ауыстырдық. Ол жақта менеджмент нашар жұмыс істеген. Біздің қызметкерлеріміз нашар жұмыс жасады. Біз оларды жұмыстан шығардық. Ақмолада проблема болмайды деп ойлаймын. Солтүстік Қазақстан облысында да проблема бар. Біз шешім қабылдадық және қазіргі уақытта Аграрлық кредиттік корпорацияның жаңа директоры жұмыс істеуде», - деді Қайрат Айтуғанов.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев кадр таңдау жұмыстарында кемшіліктің болғандығын атап өте келе: «Демек, біз талап ететін көлемде өз міндетін орындай алмайтын кадрлар іріктеп алынған. Бұл жаман, кім көрінгенді жұмысқа аласыздар», - деді Премьер-Министр.