Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қоймалардағы азық-түлік қоры туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде Қазақстанда азық-түлік жеткілікті, яғни жағдай тұрақты. Қазіргі кезде сауда желілері мен қоймаларда өнімнің қажетті деңгейінде болуына қатысты күн сайын мониторинг жүргізудеміз. Егер де кейбір тауарлар жетіспесе, жеткіземіз. Мысалы, Маңғыстау облысында қандай да бір көлемде тауар қажет болса, біз оны жедел түрде жеткіземіз», - деді министр Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі еліміздегі қоймаларды азық-түлікпен толықтыру жұмыстары жалғастыруда.
«Қазақстанда өндірілетін азық-түлік өнімдері елімізге бір жылға жетеді. Қазір қоймалардағы көлем 5-6 айға жетеді. Сонымен бірге, бүгінде өндірістер жұмыстарын жалғастырып жатқанын ұмытпау керек. Тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар тауарлар көлемін үнемі толықтырып тұрады», - деді Сапархан Омаров.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы министрі негізгі азық-түлік тауарларының 29 түрі бойынша тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.