15 қар, 2020 сағат 08:58

Аустрияда қайта қатаң карантин енгізілмек

Аустрияда коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты 17 қараша мен 6 желтоқсан аралығында карантин ережесі енгізіледі. Бұл туралы dw.com порталы хабарлады.

Аустрия үкіметі коронавирусқа шалдыққандар саны артқандықтан, пандемия басталғалы екінші рет ерекше қатаң карантин тәртібін (локдаун) енгізіп жатыр. Бұл туралы сенбі, 14 қарашада Венадағы баспасөз конференциясында канцлер Себастьян Курц хабарлады. 

17 қараша, сейсенбіден бастап 6 желтоқсанға дейін елде мектептер, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері жабық болады. Тек аса қажеттілік болған жағдайда үйден шығуға рұқсат етіледі. Оған жұмысқа бару, туыстарына көмек көрсету немесе таза ауада демалу жатады. Дегенмен, ережелерді парламент әр он күн сайын қайта қарап отырады. 

Дәріхана, банк, адамдарға күнделікті қажет тауарларды сататын дүкендер, супермаркеттер жұмысын жалғастырады. Балабақшалар жабылып, мектептер қашықтан оқуға көшеді. Кей жағдайларда ғана ата-аналар баласын бұл мекемелерге әкеле алады. 

«Ешкім қайта локдаунды енгізуді қаламайтынын білеміз, бірақ бұл пандемиямен күресте тиімділігі жоғары жалғыз тәсіл», - деп атап өтті Курц. 

Аустриядағы мейрамханалар, туристік бизнеспен айналысатын компаниялар, сондай-ақ мәдени және сауықтық мекемелер 3 қарашадан бастап жабылған болатын. Оған қоса елде 20.00-6.00 аралағында комменданттық сағат енгізілді. 

Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, пандемия басталғалы Аустрияда 191 228 адам коронавирус жұқтырды. 1661 науқас көз жұмды. Қарашадан бастап елде жаңа жұқтыру оқиғалары көбейіп, сарапшылар денсаулық сақтау жүйесі, оның ішінде қарқынды терапия саласына ауырлық түсетінінен қауіптене бастады. 

Аустрияда алғашқы локдаун наурыздың ортасында енгізіліп, 2020 жылдың 12 сәуірінен бастап жеңілдетіле бастаған болатын.