03 там, 2020 сағат 10:55

Ауғанстанда түрмеге шабуыл жасалып, 20 адам мерт болды

Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясының әкімшілік орталығы Жалалабад қаласының түрмесіне шабуыл жасалып, салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тапты. Бұл туралы 1TV телеарнасы хабарлады.

Бұған дейін TOLOnews телеарнасы оқиға салдарынан бес адамның мерт тауып, 42 адамның зардап шеккен туралы хабарлаған болатын. 

1TV арнасының мәліметінше, жанкешті Жалалабадтағы түрменің қасында тұрған автомобильді жарып жіберді. TOLOnews-тің оқиғаның ізі суымай хабарлауынша, содырлар жарылысты пайдаланып, ғимараттың ішіне кіріп кеткен. 

Қақтығыстар дүйсенбінің таңына дейін жалғасты, шабуыл жасаған бес содыр өлтірілді. Атауы белгісіз тағы бір ақпарат көзінің мәліметінше, шабуыл кезінде түзеу мекемесінен қашып кетпек болған 700 сотталушы ұсталған.