Ашраф Ғани (сол жақта) мен Абдулла Абдулла.
Кабул қаласында екі кандидат Ауғанстан президенті қызметіне кіріскенін білдіретін салтанатты рәсімді қатар өткізді. Қазіргі іс басындағы мемлекет басшысы Ашраф Ғани президент сарайында ант қабылдады. Дәл сол уақытта көршілес сарайда өзін "президент сайлауында жеңдім" деп жариялаған премьер-министр Абдулла Абдулланың салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Ауғанстандағы президент сайлауы 2019 жылдың 28 қыркүйегінде өткен. Қорытындысы бес айдан соң, 2020 жылдың 18 ақпанында жарияланған. Ауғанстан сайлау комиссиясының қорытындысы Ашраф Ғани 50,64 пайыз дауыспен жеңді деп көрсеткен. Оның жеңісін әлем қауымдастығы мойындаған.
Абдулла Абдулла 39,52 дауыспен екінші орынға тоқтады. Сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартқан ол өз үкіметін құруды жоспарлап отыр.
Ауғанстанда қос үкімет "Талибан" қозғалысымен келіссөз қарсаңында пайда болғалы тұр. "Талибан" өкілдері 29 ақпанда АҚШ-пен бітімге қол қойған. Бітім құжатында халықаралық коалиция күштерінің Ауғанстаннан шығарылатыны көзделген. Тәліптер өздері бақылайтын аумақта террористерді паналатпай, Ауғанстан үкіметімен келісе жұмыс істеуге міндеттенген.
NBC телеарнасы жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтей отырып, АҚШ барлау мәліметтері "тәліптердің бітім шартын орындамайтынын, шетел әскері ауған жерінен шығысымен үкімет әскеріне шабуыл жасауы мүмкін екенін" хабарлады. Қазір тәліптер ауған жерінің жартысына жуығын бақылап отыр.