Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов
Алатау ауданының Ақбұлақ ықшам ауданында болған атыста қаза тапқан учаскелік инспекторлар туралы толығырақ мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов баспасөз брифингінде атыс кезінде қаза тапқан учаскелік инспекторлар туралы ақпарат беріп, олардың отбасына көңіл айтты.
"Дархан Сүлеев бізде 2004 жылдан бері жұмыс істеген. Жақында ғана академияны аяқтады. Оның бес баласы қалды. Ал Нұрбол Байғазиев 2014 жылы келді. Оның екі баласы қалды. Балалардың бәрі кәмелеттік жасқа толмаған. Учаскелік инспекторлар Ақбұлақ ауданында жұмыс істеген. Екеуі де жақсы қызмет атқарды. Халық тарапынан талай рет алғыс айтылды. Жұмыстарына ешқандай шағымдар болған жоқ", - деді Таймерденов арнайы брифингте.
Оның айтуынша, үйді босатуға келіспеген ер адам аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Карабин заңды түрде тіркелген. Полицейлерде табельді қару болған. Бірақ олар қызмет қаруын пайдаланбаған.
"Құқық қорғаушылардың табельді қаруды не себепті қолданбағанын тергеу кезінде анықтаймыз", - деді Таймерденов арнайы брифингте.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі ("Екі және одан көп адамды өлтіру"), сондай-ақ, 380-бап ("Билік өкіліне шабуыл жасау") бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
"Күдіктің өзі бұған дейін істі болмаған. Атыс кезінде үйде отбасы мүшелері отырған. Олардың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. Барлығы үйде 7 адам болған", - деп атап көрсетті Таймерденов.
Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасыларына заң аясында көмек көрсетіледі.
