17 мау, 2021 сағат 17:20

Атыраудың жастар театры халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иеленді


Атыраудың жастар театры халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иеленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері Гүлнұр Қайырлиева мен Әміржан Нұрланұлы жастар театрын құрған еді. Олар труппа мүшелерін студенттер мен жоғары сынып оқушыларының арасынан таңдаған. 

«Кастинг кезінде актерлік өнерге бейім жастардың көп екенін байқадық. Алғашқы спектакльді Жайық жағалауында, қалалық саябақтарда қойдық. Бүгінгі жастардың көңілінен шығатын, аудиториясына лайық тақырыптарды репертуарға енгізуге тырыстық» -дейді театр жетекшісі Әміржан Нұрланұлы.

Жақында жастардың өнер ұжымы Керчь қаласында ұдайы өтетін «Боспорские агоны» халықаралық театр фестиваліне аттанған еді. Бұл фестивальге атыраулық жастар ағылшын жазушысы Бернард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пьесасының желісімен «Клеопатра» драмасының премьерасын ұсынды. Бас режиссері – Мұқанғали Томанов.

«Бұл – карантин кезіндегі алғашқы гастроль. Спектакль премьерасы өзге елдің сахнасында алғаш рет ұсынылды» - дейді театр директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызы.

Оның айтуынша, биыл ХХІІІ рет өткен халықаралық фестивальде 11 театр бақ сынаған. Солардың арасынан атыраулық жастар театры екі жүлдені иеленді. Фестивальдің бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымы мұнайлы өңірдің жас өрендері ұсынған «Клеопатра» қойылымына берілді. Сондай-ақ, Клеопатраны сомдаған атыраулық жас актер Ғайни Кукатова «Ең үздік әйел рөлі» аталымын иеленді.