08 қаң, 2026 сағат 16:40

Атыраудағы жоғалған отбасы ісі: «хакер» туралы қауесетке полиция түсініктеме берді


Фото: Shutterstock


Атырау облысында бір отбасының із-түссіз жоғалуына қатысты іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желілерде белгісіз бір «хакердің» жоғалған адамдарды өз бетінше анықтағаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция бұл мәліметтерді ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.


Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған тұлға ешқандай тәуелсіз техникалық талдау жүргізбеген және жаңа деректерге қол жеткізбеген. Әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтер құқық қорғау органдарының заңды жедел-іздестіру шаралары аясында алынған ақпаратпен толық сәйкес келеді және ол ресми ескерту жарияланғаннан кейін ғана тараған.


Полиция барлық деректердің телекоммуникация операторлары мен уәкілетті ұйымдардың қатысуымен, заң талаптарын қатаң сақтай отырып алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, қысым көрсету немесе қорқыту туралы айтылған хабарламалардың шындыққа жанаспайтыны мәлімделді.


Құқық қорғау органдары азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған ақпарат таратудың заңмен жазаланатынын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.


Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде аты аталған тұлғаға қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі таңда ол белгіленген заңды тәртіппен іздеуге жарияланған, тергеу амалдары жалғасып жатыр.


Еске сала кетейік, Атырау облысының Жангелді ауылында бір отбасының бірнеше мүшесі жоғалып кеткен болатын. Тергеу барысында 1959 жылы туған ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылып, қылмыстық іс «адам өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Полиция күдіктілер анықталғанын, оларды ұстау шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал тағы екі адамның тағдыры әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.