Атырау қаласындағы №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы (жүйке-психикалық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернаты) балалар құқығын қорғауды Nur Otan партиясы өз бақылауына алды. Бұған дейін орталықтың бұрынғы қызметкері түсірген видео әлеуметтік желілерде тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы жанындағы отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Динара Закиева, медициналық-әлеуметтік мекемеде түсірілген видео ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты.
"Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің тапсырмасы бойынша, Атыраудағы № 3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы (психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға арналған мектеп-интернат) балалар құқығын қорғауды қамтамасыз ету партия бақылауына алынды. Партияның облыстық бөлімшесі орталықтың қызметіне қосымша тексеру жүргізеді және оның қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізіліп, партия мүшелері Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшыларына, орталық қызметіне тиісті бақылау жасамағаны үшін шара қолданады", - деп жазды Динара Закиева Facebook-парақшасында.
