27 нау, 2020 сағат 12:36

Атырауда коронавирус жұқтырғандар Амстердам мен Ыстанбұлдан келген

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла Ғазизов Атырауда үш адамның коронавирусты қайдан жұқтырып келгенін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өкінішке қарай бүгін 27 наурыз күні Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған үш адам анықталды. Бірінші науқас – 21 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан Атырауға келген. 26 наурызда ЖРВИ белгілерімен одан анализ алынған. Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды. Екінші науқас – 17 наурыз күні Ыстанбұлдан Алматыға, осыдан кейін Алматыдан Атырауға ұшып келген. Нұр-Сұлтанда Ыстанбұлдан Алматыға келгендердің арасынан инфекция жұқтырған адам табылғанын білесіздер. Соған байланысты қарым-қатынаста болғандықтан біз кеше анализін алдық. Нәтижесінде инфекция жұқтырғаны анықталды», - деді Байтолла Ғазизов «Хабар 24» арнасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Үшінші науқас – Амстердамнан кеше Атырауға келген. 

«Ол науқас бірден карантинге жатқызылып, анализ алынып, тест нәтижесі оның да инфекция жұқтырғанын анықтаған. Үш науқастың да жағдайы қазіргі таңда қанағаттанарлық. Тиісті хаттамаларға сай емдеуге жатқызылып, ем-дом жасалып жатыр», - деді ол.