Фото: Pexels.com
Атырауда 80 жастағы зейнеткер өзіне қамқорлық көрсетпеген балалары мен немересін сотқа беріп, алимент өндіріп алуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ult.kz.
Зейнеткердің айтуынша, ол соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы жалғыз тұрып келген. Сегіз баласының ішінде тек бір ұлы ғана анда-санда хабарласып тұрған, ал қалғандары, соның ішінде бір немересі де материалдық не моральдық қолдау көрсетпеген.
Қарт адамның денсаулығы мен қаржылық жағдайы нашарлағандықтан, ол туыстарының көмегіне зәру екенін мәлімдеген. Осыған байланысты ол сотқа жүгініп, жақын туыстарынан алимент өндіруді талап еткен.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске сәйкес, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті. Ал аталар мен әжелерге келсек, олар өздеріне немқұрайлы қараған балаларынан немесе немерелерінен сот арқылы алимент талап ете алады.
Атырау қалалық соты тараптардың отбасылық және қаржылық жағдайларын ескеріп, талап қоюшының талабын ішінара қанағаттандырды. Енді зейнеткердің тамағы мен дәрі-дәрмегіне қажетті қаражат ретінде оның сегіз баласы мен бір немересінің әрқайсысы 3 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде алимент төлейтін болды.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
