Атырау облысындағы Исатай ауданында жұрттың көзінше бас имамды ұрған наиб-имам кешірім сұрады, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Исатай аудандық сотында мешіттің наиб имамына қатысты әкімшілік іс ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 434-бабының 1-бөлігі ("Ұсақ бұзақылық") бойынша қаралды.
Іс материалдарына қарағанда, мешіттегі шам намазы оқылғаннан кейін мешіттің наиб имамы жұрттың көзінше бас имамның қызметіне наразылық білдірген. Бас имам бұл жанжалды ұялы телефон камерасына түсіре бастаған. Наиб иман оның бұл ісіне наразы болып, телефонды тартып алуға әрекеттенген және жанжал кезінде кеудесіне соққы жасаған. Келушілер оларды ажыратып алыпты.
Ал сот отырысында наиб имам өз кінәсін мойындап, бас имамнан кешірім сұрады. Сот қаулысымен ол айыпты деп танылып, оған 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.