05 там, 2019 сағат 06:29

Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің полигонында ұшақ апатқа ұшырады

4 тамыз күні Тәжікстан Республикасы Қорғанысқа жәрдемдесу қоғамдық ұйымының «Ан-2» оқу-жаттығу ұшағы құлады. Салдарынан бір адам ажал құшып, тағы біреуі ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Қоғамдық ұйымның баспасөз орталығына сілтеме жасап Ховар агенттігі хабарлады.

1978 жылы шығарылған ұшақ Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің «Фахрабад» оқу-жаттығу полигонында жоспарлы ұшуларды орындау кезінде техникалық себептерге байланысты апатқа ұшыраған.

68 жастағы ұшқыш Хорасан аудандық ауруханасына жетер-жетпес жолда көз жұмған. 28 жастағы екінші пилот сол ауруханада жатыр.

Қазір аталмыш елдің Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті апатқа қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.