Атырау облысындағы Махамбет ауданы әкімдігінің бас есепшісі үш жыл бойы еңбекақысын өз бетімен реттеп отырған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соттың істі қарауы нәтижесінде Махамбет аудандық әкімдігінің бас бухгалтері 2013 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі аралықта өзінің еңбекақысын штаттық кестеден тыс есептеу арқылы 336 мың теңге көлеміндегі қаражатты иемденген. Нәтижесінде есепші «Бөгденің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе жұмсап қою», сондай-ақ «Қызмет бабында жалған құжат жасау» баптары бойынша жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлайды Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот залында есепші өз кінәсін мойындап, тергеумен жұмыс істесуге келісім берді. Оған үш жыл шартты түрде бас бостандығынан айыру және бес жыл көлемінде мемлекеттік қызметте есепші қызметін атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.