Фото: Ulysmedia.kz
Экс-Мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта соңғы сөзін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотында айыпталушының соңғы сөзі тыңдалды.
"Мен елдің заңдарын бұзған жоқпын, кінәні толық мойындамаймын. Осыдан тура екі ай бұрын басталған сот процесі мені ғана емес, бүкіл халқымызды менің сөздерімнің растығына сендірді. Менің шынайылығымның дәлелі - айыптау актісінің жаңа қорытындысының болуында. Онда прокурор ел заңдарын ұрлау, келісу және бұзу деректерін келтірмеген. Барлық шақырылған куәгерлер ұрлау деректері болмағанын, тіпті айыпталушылар тарапынан заңсыз әрекеттер болмағанын сенімді түрде қайталады", - деді экс-министр.
Мұхамедиұлы "әлем мұражайлары арқылы Алтын адамның шеруі" көрмесінің айналасындағы жағдай туралы сөз қозғап, Қазақстанда коронавирустық шектеулер аяқталғанға дейін "Алтын адам" түріндегі артефакт Үндістанда қалғанда жоғалуы мүмкін екенін айтты.
"Қазіргі уақытта "Алтын адамды ұрлап кеткендей" әлдебір жағымсыздықпен байланыстырады. Бірақ "Алтын адам" Ұлттық музейде. Репрессиялық әрекеттерден кейін "Алтын адамның" көрмесін кім өткізгісі келеді? Проблемалық тарихы бар көрмені екі жақ та қабылдағысы келмейді. Үнділік тарап таң қалды. Көрме отыз күн емес, үш күнде өтті. Бұл локдауынның енгізілуіне байланысты болды. Біз Алтын адамды алыстағы Үндістанда қалдырмай, елімізге уақытылы жеткіздік деп ойлаймын", - деді экс-министр.
Ұлттық музейдің экс-басшысының айтуынша, сот ісі музей ветриналарының, шақыру билеттерінің, буклеттердің, каталогтардың құнына, аудиторлық компания ойлап тапқан деректерге бағытталғанын айтты.
"Құрметті судья, мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасы болса да. Бірақ жымқырды дегенге емес. Қазақта "Өлімнен ұят күшті" деген мақал бар. Мен алпыс жыл лайықты өмір сүрдім", - деп түйіндеді сөзін Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұған дейін прокурор бұрынғы Мәдениет және спорт министрін 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Айта кетейік, сотталушылар орындығында тағы үш адам — Алмаз Нұразхан (Ұлттық музей директорының бұрынғы орынбасары), Азамат Көшенов ("Экспонат" ЖШС директоры) және Айым Сәдуақасова ("Экспонат" ЖШС бухгалтері) бар. Мемлекеттік айыптаушы оларға 8 жыл сұрап отыр.
Еске салайық, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына Астанадағы Ұлттық музейдің директоры болған кезінде "бюджет қаражатын ысырап етті" деген айып тағылған болатын. Оған "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлады және лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылып отыр.
Тергеу материалдарына сүйенсек, сотталушылар 221 млн теңге жымқырған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың мамыр айынан бері қамауда отыр.