Ақмола облысының Атбасар ауданында 22 жаңа археологиялық ескерткіш табылды.
Ескерткіштердің біразы мал жайлымы және судың астында қалған. Келер жылы бұларды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының жанындағы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы директорының міндетін атқарушы Серік Ысқақовтың айтуынша, 2020 жылдың маусым айында жоспарға сай Атбасар ауданында жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында барлау жұмыстары жүргізілген. Барлау нәтижесінде қола және ерте темір дәуіріне жататын тағы 22-ге жуық жаңа археологиялық ескерткіш анықталды. Жалпы, бұған дейін аудан аумағында 114-тен аса археологиялық нысан орналасқан.
«Есіл және Жабай өзендерінің солтүстік және солтүстік-батыс жағында қола, неолит, ал батыс жағында ерте темір дәуіріндегі археологиялық нысандар табылды. Бұдан бөлек, орта ғасырларда жерленген орындар, сондай-ақ, қазіргі заманғы археологиялық ескерткіштер табылды», - дейді Серік Ысқақов.
Орталық басшысы атап өткендей, табылған археологиялық нысандардың біразы мал жайлымы және судың астында қалған. Келер жылы бұларды анықтап, қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
«Қазіргі кезде, бұл археологиялық нысандарға қауіп төніп тұрған жоқ. Келер жылы оларды қорғау жұмыстарын жалғастырамыз. Сол кезде жаңа археологиялық нысандар ашылып қалуы мүмкін», - дейді Серік Ысқақов.
Айта кетейік, осыған дейін Ақмола облысындағы Магдалиновка V қорымынан көне қылыш табылған болатын. Оны археолог ғалымдар ерте темір дәуірінің ескерткіші екенін анықтады.
Магдалиновка V қорымы Магдалиновка ауылынан батысқа қарай 1,3 км, Есіл өзенінің сол жағалауынан 300м жердегі биік қырдың үстінде орналасқан. Қорым алғаш рет 1992 жылы анықталып, 2006 жылы А.А.Плешаковтың жетекшілігімен СҚАЭ қайта зерттелген. 2020 жылы Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-мен Атбасар ауданында жаңа археологиялық объектілерді анықтау мақсатында барлау жұмыстар кезінде қайта зерттелді.