02 мау, 2021 сағат 14:52

Атамқұлов автобус жолақтары туралы: Ережені әкімдіктер бекітуі керек


Халық алдындағы есептік кездесуін БАҚ өкілдерімен бірге талқылаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қоғамдық көлік жолақтарындағы шектеулерді азайту бастамасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұндай бастаманың негізі бар, әрине. Жолда кептеліс болмау үшін автобус жолақтарымен басқа көліктердің жүруіне рұқсат берілмекші. Біз көлік саясатына және автобус парктерін дамытуға жауапты министрлік ретінде мынаны айтқымыз келеді. Егер Ішкі істер министрлігі осындай түзету енгізсе, жергілікті әкімдіктер өзі жауапты қалада, облыс орталығында урбанистика мен жолдардың дамуын есептей отырып, ереже бекітуі керек. Яғни, қай бағыт пен қай учаскеде көліктер автобус жолағына түсе алатынын, қай бағыт пен учаскеде түсе алмайтынын нақты бекітуі қажет. Егер бұл шешім автобус пен жолаушылардың қозғалысына кедергі келтірмейтін болса, қолдаймыз. Ал бекітілген ережелер автобустардың қалыпты қозғалысына кедергі келтіріп жатса, араласуымызға тура келеді», - деді министр. 

Бейбіт Атамқұлов Ішкі істер министрлігі дайындаған түзетудің салдары қандай болатынын, дәл қазір болдау мүмкін емес деген ой айтты. 

«Дәл қазір автобус жолақтарына басқа көліктерді жіберу қаншалықты кептеліс туғызатынын бағалау мүмкін емес. Оны сол жердегі жергілікті органдар ғана көре алады. Сондықтан да ережені солар бекітуі керек. Ішкі істер министрлігі түзету енгізген күннің өзінде ол жалпы ереже болады. Ал әр қаладағы жағдай жергілікті әкімдіктердің ережесімен реттелуі керек. Бізге қаладағы қоғамдық көліктердің сағат сияқты мінсіз жұмыс істегені керек. Біз қызметін реттейтін кәсіпорындар шығын да шекпей, үздіксіз қызмет көрсетуі керек. Біз осыған көңіл бөлеміз», - деді ведомство басшысы.