Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қырғызстан қарулы күштері бас штабының басшысы Райимберди Дуйшенбиевке ел шекарасын нығайтып, қорғаныс қабілетін күшейтуге тапсырма берді, деп хабарлайды қырғызстандық ресми баспасөз.
Атамбаевтың баспасөз қызметі 8 қарашада Дуйшенбиев Атамбаевтың қабылдауында болып, оған Қырғызстанның қорғаныс әлеуетін нығайту, қарулы күштерді дамыту жұмыстары мен әскери қызметкерлердің әлеуметтік қамсыздандырылуы және техникалық жарақтандырылуы бойынша жасалып жатқан жұмыстар жөнінде айтып бергенін хабарлады.
Дуйшенбиев сонымен қатар мемлекеттік шекара қызметінің әскерилеріне арналған көп қабатты екі үй салынып біткенін және Баткен облысында "Минбулак" заставасын ашуға дайындық жасалып жатқанын айтты.
Президент Атамбаев қырғыз армиясының қазіргі жағдайын өзінің президент болған алты жылда жеткен жетістіктерінің бірі санайды. Мамырдың соңында Қырғызстан қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған шарада сөйлеген Атамбаев "армияға реформа жасалғанын" және оның қазір елді қорғай алатын дәрежеде екенін мәлімдеген.