Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев төңкеріс жасамақшы болған. Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Орозбек Опумбаев баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Кабар агенттігіне сілтеме жасап.
Ол Алмазбек Атамбаевтың адамдарға 1-3 мың сом аралығында ақша төлеп, үйінің алдына әдейі жинағанын атап өтті.
Қырғыз Республикасының МҰҚК басшысы операцияға «Альфа» арнайы жасақтың жіберілгенін түсіндірді.
Оның айтуынша, ереже бойынша «Альфа» антитеррористік әрекеттерде тартылады. Бірақ, ол қосымшаға сәйкес, кейбір жағдайда арнайы жасақтың жұмылдырылатынын атап өтті. МҰҚК басшысы «Альфа» арнайы жасағының есірткі тасушылар мен ұйымдасқан қылмыстық топты ұстау кезіндегі операциясын мысал ретінде келтірді.
«Арнайы жасақ жедел уәкілдерді зорлық әрекеттерден қорғауы керек еді. Сондықтан, олардың саны аз болды. Мәжбүрлеп алып келудің бес нұсқасы қарастырылды. Орын алған жағдай – бір нұсқа еді және ол ең тиімдісі болатын. Себебі, кез келген әрекет – арнайы жасақ, ІІМ және МҰҚК жұмысы туралы ақпарат Атамбаевтың штабына жасырын жеткізілді. Сегізбаевтың (Абдиль Сегізбаев, бұрынғы МҰҚК басшысы) және Исраиловтың (Улан Исраилов, бұрынғы ішкі істер министрі) органдағы бұрынғы және қазіргі адамдар осы үшін ақша алып отырды. Барлығын штабқа жеткізіп отырды, сондықтан кенеттен шабуылдау туралы шешім қабылданды. Атамбаев 500 адам жинады. Олар балалар, әйелдер және қариялар еді. Оған билікті айыптау үшін қан төгу керек болды, ол мемлекеттік төңкеріс жасайтын еді», - деді ол.
Опумбаев атап өткендей, Атамбаев есіктері мен терезелеріне темір қоршау орнатып, үйін қорғауға толықтай дайындалған.
«Атамбаевтың үйінен Драгунов снайперлік винтовкасы, әрқайсысының ішінде 480 патроны бар 2 темір жәшік табылған. Бұдан бөлек, 4-5 винтовка, тапанша мен тағы басқа қару-жарақтар болды», - деді ол.
7 тамыз күні кешке Қой-Ташта елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың үйінде А.Батукаевтың ісі бойынша тергеу органдарына күштеп әкелу кезінде қауіпсіздік күштері өкілдері мен бұрынғы президентті қолдаушылар арасында қақтығыс болды.
Соның салдарынан «Альфа» МҰҚК арнайы бөлімшесі басшысының орынбасары Үсен Ниязбеков көз жұмып, 40-тан астам адам жараланды.
8 тамыз күні құқық қоргау органдары Атамбаевты Қой-Таш ауылындағы үйінде қолға түсіріп, 26 тамызға дейін ҰҚК Тергеу изоляторына жіберілді.
Қой-Ташта орын алған жағдайға, арнай жасақ қызметкерінің көз жұмуына және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жарақаттануына байланысты сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.