Қырғызстан президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабановтың (оң жақтан екінші) дауыс беріп жатқа сәті. Бішкек, 15 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президент сайлауына түсіп жатқан кандидат Омурбек Бабанов сайлау кезінде болған заң бұзу оқиғалары жөнінде мәлімдеме жасады. Ол сайлау әділ әрі ашық өтті деп санамайтынын айтты.
Бабанов «Кандидаттығымды ұсынбай тұрып президентпен ақылдасқан едім. Ол батасын беріп, "Иә, президент сайлауына түс. Біз өз кандидатымызды ұсынамыз, сен де қатыс. Жеңген адам президент болсын" деген. Куәлер бар. Ол сайлау әділ өтеді деген уәде берген. Бірақ тең жағдай жасалмады. Кейінгі аптада Алмазбек Шаршенович Атамбаевқа ақпаратты дұрыс бермеген. Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті мен милиция оны жалған ақпаратпен адастырып отыр. Мен оның бүгінгі сөздеріне қатты қапа болдым» деді.
Қырғызстанда бүгін президент сайлауы өтіп жатыр.
Президент Алмазбек Атамбаев сайлау учаскесінде дауыс беріп шыққаннан кейін журналистер сауалдарына жауап берді. Ол «Тура бір жарым ай бұрын Бабановтың маған күйе жаға бастағанын байқадым. Мені "аға" деп жүретін Бабанов. Бабановтай мені мақтаған адамды көрмедім. Сіздің жолыңызды мен ғана жалғастырам деп жүретін Бабанов аяқастынан "олар басқа жолмен кетіп барады" деп қалыпты. Ол ол ма, ашық айтайын, маған Бабановтың атынан бір олигарх келіп 20 миллион доллар ұсынды. Мен оған, қымбаттым, сатылмайтын заттар бар дедім» деді.