Фото: tengritravel.kz
Алматы облысында жоғалған отбасын іздеу жұмыстары сәтті аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жергілікті Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
3 қаңтар сағат 20-30-да Республикалық жедел-құтқару жасағы тобының және Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының күшімен Бартоғай су қоймасы жағынан Фесенков атындағы Астрофизика институтының обсерваториясына жетпей 40-қа жуық автомашина табылған. Адамдардың саны анықталып жатыр, алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ.
Жоғалып кеткен 7 адамнан тұратын отбасы да сол жерде жүрген. Көбінің машинасында жанармай таусылып қалған.
Қазір құтқарушылардың күшімен автокөліктерге жанармай құю және адамдарды машиналарымен колонна арқылы эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Республикалық жедел-құтқару жасағының екінші тобы Түрген-Батан-Обсерватория жолымен бірінші топқа қарсы жүріп келеді.
Естеріңізге сала кетейік, 3 қаңтарда сағат 08:00-де Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті кезекші бөлімінің пультіне Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылынан 80 шақырым жерде, таулы аймақтағы Бортоғай су қоймасында 7 адамнан тұратын отбасы (төрт ер адам, екі әйел адам және бала) жоғылып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. Олар 2 қаңтарда екі көлікпен Алматыдан Асы қыратына қарай шығып, үйлеріне оралмаған. Жоғалып кеткен адамдар ТЖМ-ның бірнеше мәрте айтқан ұсынымдарына қарамастан, жоспарланған туристік маршруты туралы облыстық ТЖД-не айтпаған.
Жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарын Төтенше жағдайлар департаменті, Республикалық жедел-құтқару жасағы өтімділігі жоғары техникамен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, аудандық ішкі істер бөлімі мен волонтерлер жүргізді, сонымен қатар дрон жұмылдырылды.
Одан бөлек, сағат 15-00-де әуе кемесін тарту жоспарланған, алайда ауа-райының қолайсыздығына байланысты әуе кемесін тарту мүмкіндігі болмаған.
Жоғалған адамдар іздеу тобына қарай баяу жүріп, спутниктік байланыс бағытын үйлестіреді. Сағат 20-30-да екі топ кездескен. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.