Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы ескі үйлерді бұзу мәселесін арнайы заң арқылы шешу қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте Елбасы Астана қаласында ескі үйлерді бұзу мәселесіне тоқталды.
«Мына үйлерді қарашы қаланың ортасында тұр. Мен бұл жерлерді де аралап шығамын. Мынаны қара. Мен Қабанбай батыр көшесінен өткен сайын осы үйді көремін. Бұл үй 20 жыл бұрын тұрған. Оны ешкім бұза алмай отыр. Мұнда шешілмеген мәселелер бар. Олар (үйдің иелері – автор) бағасын көтеріп тұрған шығар», - деді Президент.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев аталған мәселені шешудің жолын ұсынды.
«Астананың өзінің жеке заңы болуы керек. Онда барлығы көрсетілуі тиіс. Астана қаласындағы объектілерді бұзу кезінде оның өз бағасы ескерілуі керек. Құлағалы тұрған, жұпыны үй үшін бағасын көтеріп, пайда тапқысы келеді», - деді Елбасы елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте.