Фото: видеодан скриншот
Астанада болған жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба редакцияның WhatsApp нөміріне жолданған. Кадрларда көліктің жарық шамының тірегіне соғылғаны және шам бағандарының жерге құлағаны байқалады. Автокөлік қатты зақымданған.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Chery Tiggo маркалы көліктің жүргізушісі Керей, Жәнібек хандар көшесімен қозғалып келе жатып, Қабанбай батыр даңғылымен қиылыста рөлге ие бола алмай, көше жарығының тірегіне соғылған.
«Соққының салдарынан көлік аударылып кеткен. Алған жарақаттарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
