Астана қаласының полициясына Германия азаматынан арыз түсті. Шағымға сәйкес, оны әуежайдан қонақ үйге дейін апарғаны үшін "делдал" 16 мың теңге алған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары шетелдік азаматты апарған такси жүргізушісін ұстады. Оның айтуынша, әуежайда туристпен бірге ер адам болды. Ол Сәтпаев көшесінде қонақ үйге дейін жетіп, сол жерде такси қызметіне 3000 теңгені төлеп кеткен. Ал шетелдік азамат "делдалдың" өзінен 16 мың теңгені сыпырып алғанын жеткізді. Қонақ үйде ол әуежайдан 4000 мың теңгеге келуге болатынын білгеннен кейін полицияға арыз түсірген.
"Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әуежайда шетелдік азаматты таксиге жолықтырған ер адамның кім екені анықталып жатыр", - делінген баспасөз баяында.
Айта кетейік, бұған дейін бір такси жүргізушісі Астанаға келген туристті қонақ үйге апарғаны үшін 40 мың теңге алған. Сол үшін жұмыстан қуылды. Артынан ол ақшаны шетелдік азаматқа қайтарып берді.