17 мау, 2025 сағат 11:08

Астанада «Жібек пен Жібек жолы» атты халықаралық көрме ашылды

Фото: 24.kz

Қазақстандағы Қытай туризмі жылының ресми басталуы ретінде ҚР Ұлттық музейінде «Жібек пен Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели бастаған делегация қатысты.

Көрмеде Қытайдың жібек өнерінің тарихы мен даму кезеңдері көрсетілген. Экспозиция Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстарды бейнелей отырып, жібек өнерінің бай мұрасын заманауи көзқараспен ұсынуға мүмкіндік береді. Шараның негізгі мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және туристік ынтымақтастықты нығайту, Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасын насихаттау және Қазақстан аумағындағы жібек өнері мен сауда байланыстары туралы кеңінен ақпарат беру.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытайдың мәдениет министрлерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды дамыту бойынша бірлескен жұмыс нәтижелерін талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

Аида Балаева жоғары деңгейдегі саяси диалогтың арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестіктің жаңа серпін алып, бұл салада маңызды жетістіктерге жетуге жол ашқанын атап өтті. Оның айтуынша, Астана мен Бейжің қалаларында мәдени орталықтардың ашылуы, БАҚ ынтымақтастығы форумы, Си Цзиньпин кітабының тұсаукесері және Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Қытай шедеврлерінің көрмесі сынды жобалар екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтудың жарқын мысалы болып табылады.

Кездесу соңында Қазақстан тарапынан бірлескен көрмелер, гастрольдер, театрлық және концерттік іс-шараларды ұйымдастыру арқылы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екені білдірілді.