02 ақп, 2026 сағат 13:10

Астанада «Vivaldi&Haydn» шығармашылығына арналған классикалық музыка кеші өтті

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі көрермен назарына «Vivaldi&Haydn» шығармашылығына арналған классикалық музыка кешін ұсынды. 

Концерттік бағдарламада әлемдік классиканың жауһары - Антонио Вивальдидің әйгілі «Жыл мезгілдері», сондай-ақ, австрия композиторы Йозеф Гайднның скрипка мен фортепианоға арналған музыкалық туындысы орындалды. 

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақытжан Мұсахаджаева,  Асқар Дүйсенбаев, Асқар Мұқанов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ақбике Алғи, халықаралық байқаулардың лауреаттары Айгерім Ерғалиева, Жібек Мусургалиева, Амина Ахметжанова, сондай-ақ, италиялық пианист Антонелло Д’Онофрио қатысты. 


Антонелло Д’Онофрио - әлемдік сахналарды бағындырған италиялық пианист, Дж. Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Еуропа, Америка және Азияның әйгілі концерт залдарында өнер көрсетіп жүрген музыкант тыңдарманды терең интерпретациясымен, стильдік дәлдігімен және жоғары деңгейдегі виртуоздық шеберлігімен тәнті етіп келеді.

Музыкалық кеште танымал классика мен нәзік орындаушылық интерпретация керемет үйлесім тапты. Белгілі шығармалар оркестр мен солистердің орындауында шырқалып, музыкалық форма мен интонацияның байлығын сезінуге мүмкіндік берді.


Фотолар: «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының баспасөз қызметінен