18 қар, 2025 сағат 15:43

Астанада үстіне кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер қайтыс болды

Фото: Tengrinews.kz

Астанада қасбет пен кондиционердің құлауынан зардап шеккен жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауруханада қайтыс болды. Бұл ақпаратты қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство мәліметінше, оқиға кезінде қызметтік міндетін атқарып жүріп ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада көз жұмған.

«Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қайғыра хабарлайды: тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі сыртқы кірпіш қаптамасының және кондиционер құрылғысының құлауынан қызметтік міндетін атқару барысында ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада қайтыс болды», – делінген хабарламада.


Ұлдана 8 қарашадан бері жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатқан. Дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенімен, алған жарақаттардан аман алып қалу мүмкін болмады.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қараша күні елордадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама құлап, бес адам зардап шеккен. Барлығы №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Бір науқасқа шұғыл ота жасалды, тағы екеуі жансақтауда болды. Қалған екі адамның жағдайы тұрақты деп бағаланған.

Ең ауыр жараланған – оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан. Туыстарының айтуынша, ол жараланған баланы, оның анасын және туысын құтқару үшін жүгіріп барғанда, үстіне кірпіштер мен кондиционер бекіткіші құлаған.

Оқиғадан кейін полиция ҚР ҚК 278-бабы («Сапасыз құрылыс») бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейінірек іске 306-бап («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді шығару не сату») қосылды.

Бұған дейін осы үйдің тұрғындары ғимараттың ішінде де, сыртында да көптеген жарықтар бар екенін айтып, шағымданғаны хабарланған.