28 ақп, 2023 сағат 15:27

Астанада үш жасар сәби сирек кездесетін қатерлі ісікке шалдықты

Фото: AstanaTV арнасы

Экстраренальді экстракраниальді рабдоидты ісік әлем бойынша өте сирек кездеседі. ЭРО-ға екі адам ғана шалдыққан. Біреуі Қазақстанда анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан порталы AstanaTV арнасына сілтеме жасап.

Қатерлі ісіктің бұл түрімен Америкада бір адам ауырады. Екіншісі – елордалық 3 жастағы Марьям Байлина. 2 жыл бұрын қыз баланың оң жақ қолы қақсап, 10 ай бойы Астанадағы орталықта 9 химиотерапия мен 28 сәулелік терапия алып, жағдайы сәл-пәл жақсарған. Бірақ ол кездегі диагноз басқаша болды. Үш айдан соң метастаз анықталып, ауру асқына түсті. Отбасы мен туыстары дереу қаражат жинап, Марьямды Түркияға жіберді. Әлемдегі үздік дәрігерлердің бірі бірден баланы мазалаған ауруды дөп тапты.

"Дұрыс диагноз қою мақсатында Түркияға жібердік. Метастаз тарап кетпеу үшін тез ем қабылдауымыз керек деді. Бала шетінеп кетуі мүмкін деді. Бүкіл халқыма мың алғыс айтамын. Аяқ астынан қаншама "сбор" жасап, шамасы келгенше беріп жатыр, ол 1 химияға жетті. Кішкентай ғана қызымыз өмір сүру керек деп ойлаймын", - дейді бүлдіршіннің әжесі Гүлстан Байлина.

Қазіргі кезде Марьям анасымен Түркияда бірінші химиотерапияны алып болды. Әлі бесеуі бар. Демек тағы жарты жыл бойы ауруханада жатады. Бірақ оған да қаражат қажет. Бүгінде тағы 12 млн теңгеден астам ақша жетпей жатыр.

"Ана мен бала" ұлттық ғылыми орталығының онкология бөлімінің жетекшісі Даир Нұрғалиевтің айтуынша, балада рецидив болды. Түркияда рабдоидті ісіктің өте қауіпті түрін анықтады.

"Ол жақта көрсетіліп жатқан химиотерапияны біз де жасай аламыз. Қажетті барлық дәрі жеткілікті. Ата-анасы Түркияға баруды жөн көрді. Әйтпесе, өзіміздің де емдейтін мүмкіндігіміз бар. Қаласа еш мәселе туындамайды деп ойлаймын", - дейді дәрігер.