08 шіл, 2024 сағат 15:24

Астанада Ұлттық домбыра күні атап өтілді

7 шілдеде "Домбыра күні - ұлттың үні" атты мерекелік концерт өтті, - деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат"

Шараны Қазақстан жастарының Конгресі ЗТБ  шілде айының алғашқы жексенбісіне сай келген Ұлттық домбыра күніне орай Астана қаласы, Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр екен.

Қазақстан жастарының Конгресі атқарушы директоры Бақдәулет Жанділдаев шараның мақсаты Астана тұрғындарына төл өнерімізді насихаттау екенін жеткізді.

"Домбыра күніне орай елорда тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында "Домбыра күні - ұлттың үні" атты мерекелік концерт ұйымдастырып жатырмыз. Бұл концерт домбыраның құндылығы туралы және өзіміздің төл өнерімізді Астана тұрғындарына паш ету мақсатында өткізілуде. Бұл жерде жас өнерпаздар, кәсіби және кәсіби емес өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Сондай-ақ қала тұрғындары арасында әр түрлі домбыра туралы және ұлттық салт-дәстүріміз туралы сұрақтар қойылып, оларға сыйлықтар үлестірілетін болады. Төрт сағаттық мәдени бағдарлама барысында домбырашылар шеруі болды. Біздің басты мақсат – домбыраны және салт-дәстүрімізді насихаттау", - деді ол.


Бақдәулет Жанділдаевтың сөзінше мұндай шара бұрын әр түрлі масштабта, әр түрлі форматта өткізілген. 

"Биылғы жылы елорда тұрғындары көп шоғырланған қоғамдық орында өткізіліп жатыр", - деді Б. Жанділдаев.


Шара Астана қаласында Кенесары ханның ескерткіші жанында, Есіл өзенінің жағасында өткізілді. 
Іс-шарада жас домбырашылар "Адай", "Көңіл толқыны", "Қос алқа" күйлерін тартып, мың бұралған бишілер "Аққу", "Шашу" билерін биледі. Сонымен қатар, күміс көмей жас әншілер елорда тұрғындары мен қонақтарына  мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мерекелік концертте қасиетті домбыраға қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көремендерге сыйлықтар берілді. Бұдан бөлек, көрермендер арасынан да домбыраның құлағында ойнайтындар табылып, олар да өз өнерлерімен бөлісті.