20 қар, 2022 сағат 14:28

Астанада тұрғындарды ажалдан арашалап қалған өрт сөндіруші көз жұмды


Бүгін ауруханада жатқан өртсөндіруші Асқар Забикулин қайтыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап. 

"Оның өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер бірнеше тәулік бойы аянбай күресті. Асқар Астана қаласында болған өрт кезінде адамдардың өмірін құтқару кезінде батырлық танытты.

Төтенше жағдайлар министрлігінің ұжымы Асқар Забикулиннің туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол өз ісінің маманы ретінде жадымызда мәңгі қалады.

Асқар ақжарқын адам, жауапты қызметкер, кәсіби өрт сөндіруші және сауатты маман болды. Әріптестері арасында әділ, өз мамандығын сүйетін қызметкер ретінде құрметке ие. ТЖМ қайтыс болған өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетеді", - делінген ведомство хабарламасында.

Асқардың артында әйелі мен екі баласы қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде болған өрттен тұрғындарды аман алып шыққан өрт сөндіруші бірнеше күн ауруханада ауыр хәлде жатқан еді.

Өрт сөндіруші өз өмірін қатерге тігіп үш адамды аман алып шығарды. Оның денесінің 80%-ін күйген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Асқар Забикулин I дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталған болатын.

Өрт сөндірушінің отбасына үш бөлмелі пәтер табысталатын болды. Астана әкімдігі пәтер демеушілер қаражаты есебінен берілетінін хабарлады.