Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Мәдениет саласының үздігі Мақсат Медеубектің «QOBYZ SOUL – DASTUR» атты концерті өтті.
Кеш барысында көрермен қобыздың бай тарихымен, оның шығу тегі мен көркемдік ерекшеліктерімен танысып, рухани әсерге бөленді. Концерттік бағдарламада Қорқыт, Ықылас, Тәттімбет, Мұхит, қарақалпақ, татар халқының және т.б. күйлер орындалды.
"Жобаның басты мақсаты – қобыз өнерін кеңінен дәріптеп,, оның орындаушылық мүмкіндіктерін таныту және дамыту. Қобыздың түпкі қызметі бақсылық дәстүрмен тығыз байланысты болып, сол заманнан жеткен әуендік сарындар сақталған. Осы сарындардың негізінде дәстүрлі күйлер орындалып, сонымен қатар әнге сүйемелденіп, жыр-термелер айтылған. Бүгінде қобыз заманауи талаптарға сай академиялық бағытта дамуда. Яғни, Антонио Вивальди, Вольфганг Амадей Моцарт, Йозеф Гайдн, Иоган Себастьян Бах сынды әлемдік композиторлардың шығармаларын орындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге эстрадалық бағытта да қобыздың әлеуеті зор, аспап арқылы жеңіл каверлік туындыларды орындап, кең аудиторияға насихаттауға болады. «QOBYZ SOUL – DASTUR» концерті түркі дүниетанымына негізделіп, сол халықтардың музыкалық мұрасын көрерменге ұсынумен ерекшеленді. Концерт барысында түркі елдеріне тән қобыз орындау техникасы мен әдіс-тәсілдері де көрсетілді", – деді Мәдениет саласының үздігі Мақсат Медеубек.
Қобыздың қылынан төгілген әрбір саз – өткен мен бүгінді сабақтастырып тұрған рухани алтын көпір іспетті. Бұл кеш – ұлттық өнерге деген тағзымның, ата-баба мұрасына деген құрмет пен ізеттің көрінісі.
Музыкалық кеш – ғасырлар тереңінен жеткен сырлы сарынға, қобыз үніне арналған рухани саяхат. Қобыз – тек қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ қарақалпақ, өзбек, татар және қырғыз халықтарының мәдени мұрасында да ерекше орын алатын көне музыкалық аспап. Оның қоңыр үні мен жан тербетер мұңды үні түркі халықтарының ортақ тарихы мен тағдырынан сыр шертеді.
