Көрнекі сурет: gov.kz
18 қаңтарда Астана қаласының маңайында парашютпен жоспарлы секіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындау барысында мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталу үстінде. Қазіргі кезде тексеріс жүргізіліп жатыр.
"Әскери қызмет адам өміріне әр уақытта қауіп пен қатерге толы. Командирлер үшін өз жауынгерін жоғалту - ауыр қаза.
Әскери қызметші 2022 жыдың көктемінде Қарағанды қаласынан әскер қатарына шақырылған. Командирлері мен қызметтестері арасында үлкен беделге ие болған еді. Бауырмашыл, қызметте үнемі жақсы жағынан көрінетін. Борышын өтеуге келгелі бері әскери істі үйренуге ерекше ынта танытып жүретін. Өз ата-анасының айбынды ұлы, нағыз патриот және қызметтестері арасында үлгілі азамат болатын.
Қарулы Күштердің басшылығы мен жеке құрамы сарбаздың отбасы мен жақындарына орны толмас қазасына ортақтасып, қайғыра көңіл айтады" - делінген ведомство хабарламасында.
Қорғаныс министрлігінің тарапынан әскери қызметшінің отбасына көмек көрсету бойынша барлық қажетті шара қабылданбақ.