29 қаң, 2026 сағат 12:46

Астанада Қытайдың Көктем мерекесіне арналған мәдени кеш өтті


Астанада «Көктем мерекесін қарсы алу, Қытай Жаңа жылын тойлау» атты мәдени кеш өтті. Шара 2026 жылға арналған Қытай Жаңа жылы – Көктем мерекесіне орай қытай тілі мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Салтанатты кеш Maqsut Narikbayev University-де өтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға арналды. Концерттік бағдарлама Құрманғазының «Адай» күйімен және Арыстан мен Айдаһар биімен ашылды. Бұл көрініс көрермендерге ұлттық рух пен шығыс мәдениетінің үйлесімін көрсетті.


Шара барысында құттықтау сөз сөйлеген Maqsut Narikbayev University Ғылым, инновация және жасанды интеллект бойынша басқарма төрағасының орынбасары Пен Сергей Геннадьевич Көктем мерекесінің халықтар арасындағы достықты бекемдеудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлин мырза екі ел арасындағы білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын айтты.


"2026 жылы Қытай мен Қазақстан ортақ тағдырлы қоғам құру мақсатында ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Өткен жылғы ҚКП ХХ Орталық комитетінің төртінші пленарлық отырысы алдағы бес жылға Қытайдың даму стратегиясын белгіледі. Қытай экономикалық құрылысқа басымдық беріп, жоғары сапалы дамуға, реформалар мен инновацияға негізделген саясат жүргізетін болады. Халықтың өсіп келе жатқан өмір сапасын қамтамасыз ету басты мақсат болып белгіленді. Заманауи өнеркәсіп жүйесін құруға, жоғары технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізуге, ашықтық пен өзара тиімділік принциптерін ұстануға бағытталған шешуші қадамдар жасалады. Ал Қазақстан «Жаңа экономикалық саясат», «Өнеркәсіптік инновациялық даму», «Ауыл шаруашылығын жаңғырту» және «Аймақтық инфрақұрылым» сияқты стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырып, модернизацияға деген табандылығын көрсетуде", – деп айтты Елші.


Сонымен қатар Хан Чуньлин мырза болашақта қытай тілін меңгерген, екі елді байланыстыра алатын жанжақты мамандар көптеп шығады деп үміттенетінін жеткізді.

"Олар екі елдің экономикалық ынтымақтастығына бағыт беретін көшбасшы, ғылым мен технология саласында алдыңғы қатарлы жетекші және мәдени алмасуда сенімді «алтын дәнекерлер» болады!" – деді ол өз сөзінде.


Концерт бағдарламасы мазмұнды әрі көпқырлы болды. Көрермендер назарына Астана қаласындағы мектептер мен жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері дайындаған би және ән қойылымдары ұсынылды. Атап айтқанда, «Сәйгүлік», «Гүл ашу», «Желмен жарысқан дала», «Желпеуіш» билері мен «Қош бол, қымбаттым», «Бақыт», «Арманға жету», «Үзілмес махаббат», «Құттықтаймын сені», «Рахмет сізге» секілді әндер орындалды.


Кештің ерекше сәттерінің бірі – «Жібек жолы әуені» домбыра сазының сүйемелдеуімен өткен Қытай–Қазақ ұлттық киімдерінің сән көрсетілімі болды. Бұл көрініс екі халықтың дәстүрі мен өнерінің өзара үндестігін айқын көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар жастардың мәдениетаралық түсінігін арттырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

Мәдени кешке Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Бейжің тіл және мәдениет университетінің Қазақстандағы филиалы, Астана Тұран университеті, Еуразия гуманитарлық институты, сондай-ақ елордадағы бірқатар мектеп-гимназиялар қатысты.

Көңілді кештен әсер алған көрермендер қосыла ән шырқап, би билеп, қошеметтерін жаудыра отырды.



"Чуньцзе – қытай халқының ең маңызды дәстүрлі мерекесі. Ол ЮНЕСКО-ның адамзат мәдени мұрасы тізіміне енгізілген. Бұл мереке кезінде бүкіл әлемдегі қытай қауымдары ескі жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың келуін тойлайды, бақ пен тыныштық тілейді, бұл мейрамды отбасымен бірге атап өтеді. Чуньцзе – отбасылардың бірлігі мен ынтымағы күні, қытай халқында көктем мен болашақ өмірге деген жақсы үміттің символ",  – деп Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хан Чуньлин мырза мерекенің маңызын да түсіндіре кетті.


Фотолар: Ult.kz