27 жел, 2025 сағат 17:18

Астанада халық саны рекордтық деңгейге жетті

Фото: Kp.kz

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорда халқы санының тұрақты өсіп келе жатқанын айтып, бұл жағдай қала инфрақұрылымына жаңа талаптар қоятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қала әкімінің айтуынша, халық санының артуы алдын ала жоспарлауды және әлеуметтік нысандарды дамытуға бағытталған жүйелі шешімдерді қажет етеді. 1 қарашадағы есеп бойынша, Астанада 1 622 245 адам тұрады. Жыл басынан бері қала халқы 93 542 адамға артқан.

Оның ішінде 17 265 адам табиғи өсім есебінен, ал 76 277 адам көші-қон арқылы келген. Жалпы халық саны 6,12 пайызға өсіп, жыл сайынғы көші-қон ағыны шамамен 100 мың адамға жеткен.

Бұл үрдіс денсаулық сақтау, білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау жүйелеріне түсетін жүктемені едәуір арттырып отырғанын қала әкімі атап өтті. Осыған байланысты елордада жаңа мектептер, медициналық мекемелер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр.