11 ақп, 2026 сағат 13:39

Астанада Кенес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған музыкалық кеш өтті



Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында танымал композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арналған «Сәлем саған, туған ел» атты музыкалық кеш өтті. Аталған іс-шара композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, республикалық деңгейде өткізілетін алғашқы іс-шаралардың бірі саналады.

Концерттік бағдарламада композитордың ел жүрегінен орын алған таңдаулы шығармалары орындалып, оның ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз үлесі мен тағылымды шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, «Сәлем саған, туған ел», «Ойлайсың ба, жаным», «Домбыра туралы баллада», «Өкінбе сен», «Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай, «Анаға хат», «Айнакөл» және т.б. туындылары көрермен назарына ұсынылды.


Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Өнербаев, Құрмаш Махан, Алтынай Жорабаева, Ерлан Рысқали, «Ерең еңбегі үшін» медалінің иегерлері Бауыржан Исаев, Алтыншаш Мұқатаева, Анна Уварова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Алибек Альмадиев, Асқар Мұқият, Әділхан Макин, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, танымал композитор, мультиинструменталист Әділжан Толықпаев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Қуандық Шалқарұлы, Асылхан Шалқаров, Ербол Тәжібаев, Нұрай Шеру, Сұлтан Ахмет, Зарина Макина, Дария Бекпенбетова, Айым Қоғам, Венера Табыс, Ақбөпе Әлібекова, «Saz&Soul» тобы, G-бэнд, «Gulder» ансамблі және Астана» эстрадалық симфониялық оркестрі өнер көрсетті. 


 

Кеңес Дүйсекеев - қазақ музыка өнерінің алтын қорына енген бірегей туындылардың авторы, ұлттық рух пен заманауи әуенді шебер ұштастырған көрнекті композитор. Оның шығармашылық мұрасында «Толғау» симфониясы, «Жалаңтөс батыр» симфониялық поэма-картинасы, «О, дүние» кантатасы, «Жыл мезгілдері» романстар циклі, сондай-ақ «Жан әке», «Асыл ана», «Туған жер», «Дастархан», «Достар-ай» және т.б. кеңінен танымал музыкалық шығармалары бар. Сонымен қатар композитор «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклдерінің, «Алдар көсе» опереттасы, симфония-концерт пен түрлі аспаптарға арналған концерт, камералық оркестрге арналған шығармалар мен 200-ден астам әннің авторы.

Аталған кешке композитордың жары Баян Дүйсекеевa мен ұлы Нұркен Дүйсекеев арнайы қонақ ретінде қатысты.


Фотолар: Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының баспасөз қызметінен