27 мау, 2021 сағат 17:47

Астанада Қаршыға Ахмедьяровтің 75 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті


«Астана Опера» сахнасында Қазақ КСР Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, күйші, шебер домбырашы, композитор, дирижер әрі ұстаз Қаршыға Ахмедьяровті еске алуға арналған «Күмбірле, асыл домбыра» концерті өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Театрдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шебер домбырашының 75 жылдық мерейтойына ұзақ уақыт әзірлік жұмыстары жүргізілді. Сондықтан концерт бағдарламасы мәнді, мазмұнды болып, бірде-бір көрерменді бей-жай қалдырмады. Залға керемет маэстроның көптеген әріптестері, шәкірттері, оның шығармашылығын қадір тұтатын жандар, туыстары мен жақындары жиналды.

Концерт Қаршыға Ахмедьяровтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильммен басталды. 

Осы кеште Ғалым Ахмедьяров, Айтқали Жайымов, Дина Хамзина, Азамат Жылтыркөзов, Руслан Баймурзин, Айтжан Тоқтаған, Жұмабек Қадырқұлов, Батырлан Әбенов, Еділ Басығараев, Досым Мақсұтов, Дарын Құдайбергенов және тағы басқа өнерпаздар композитордың мол мұрасын тыңдарман назарына ұсынды.


Танымал қазақстандық музыканттармен қатар концертке Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің қырыққа жуық әртісі қатысты. Қазақ халық композиторларының көптеген шығармаларын өңдеу және өз пайымынша түрлендіруден бөлек, Қ.Ахмедьяров өзінің төл туындылары – «Шашақты найза шалқар күн», «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Аққайың», «Желдірме» және тағы басқа күйлерін, сондай-ақ әндерін мұраға қалдырды.