05 нау, 2026 сағат 12:06

Астанада 8 наурызға орай ондаған мәдени және спорттық іс-шара өтеді

Фото: Inform.kz

Астанада 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мәдени, спорттық, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ult.kz.

Іс-шаралар 5–10 наурыз аралығында театрлар мен концерт залдарында, музейлерде, кітапханаларда, спорт кешендерінде, білім беру ұйымдарында және қаланың қоғамдық кеңістіктерінде өтеді.

5 наурыз

Байқоңыр ауданында «Айнадағы ару» интерактивті инсталляциялық жобасы ұйымдастырылады. Қаладағы адам көп жиналатын орындарға орнатылған әшекейлі айналар арқылы әйелдердің сұлулығы мен мерекелік көңіл күйі дәріптеледі.

Сондай-ақ Қошқарбаев көшесі, 29/1 мекенжайындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Келін ененің топырағынан» байқауы өтеді.

№10 мектеп-гимназиясында Байқоңыр ауданы мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін әйелдер арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында ұлттық сән үлгілерінің «Moda FEST» дефилесі өтеді.

6 наурыз

Сағат 11:00-ден 19:00-ге дейін елордада концерттер, әдеби-мәдени кештер, шеберлік сабақтары, спорттық жарыстар және онлайн жобалар өтеді.

Алматы ауданының мемлекеттік мекемелерінде жұмыс істейтін әйелдер арасында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің спорт кешенінде волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін Балалар көркемсурет мектебі «Ананың бейнесі» республикалық онлайн сурет байқауын өткізеді.

Сарайшық ауданында зейнеткерлер арасында тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылады.

Байқоңыр ауданында «Шынайы алғыс – жүректен шыққан сый» атты концерттік бағдарлама өтеді.

Sintez ізденіс-эксперименттік театрында «Арулар асыл жандар» поэзиялық кеші ұйымдастырылады.

Сағат 15:00-де Өнер музейінде «Анаға тағзым – аруға құрмет» концерті өтеді.

Сағат 19:00-де «Наз» мемлекеттік би театры «Аяулы ана» концертін ұсынады.

Сол уақытта Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «О чем поют мужчины» концерті өтеді.

«Мемлекеттік архив» ғимаратында «Сағыныш қоңырауы» іс-шарасы ұйымдастырылады.

7 наурыз

Қала аумағында әйелдерге гүл тарату акциясы өтеді.

№108 мектепте Есіл ауданының әйел мұғалімдері арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

Нұра ауданы мектептерінің мұғалімдері арасында ұлттық ойындардан (тоғызқұмалақ, бес асық, армрестлинг, ләңгі тебу) жарыстар өтеді.

Сағат 18:00-де Әзербайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Келіндер көтерілісі» спектаклі қойылады.

Сағат 19:00-де «Жастар» театры «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты театрландырылған концерттік бағдарламасын ұсынады.

Әлеуметтік желілерде «Жанымда жүр жақсы адам…» виртуалды көрмесі жарияланып, «От мужчин. С уважением» челленджі басталады.

7–8 наурыз күндері Сарайшық ауданында тұрғындарға қызғалдақ тарату акциясы ұйымдастырылады.

8 наурыз

Сарайшық ауданында аудан әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өтеді.

Онлайн форматта мектеп хор ұжымдарының «Анаға арнау» атты мерекелік челленджі ұйымдастырылады.

10 наурыз

Сарыарқа ауданында «Үміт» дағдарыс орталығында тұрғындар арасында «Көңілді старттар» спорттық жарысы өтеді.

Елорда әкімдігі мерекелік іс-шаралар әйелдердің қоғамдағы рөлін дәріптеуге, аналар мен аруларға құрмет көрсетуге және тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға бағытталғанын атап өтті.