17 қар, 2022 сағат 12:15

Астанада 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші жансақтау бөлімінде жатыр


Елордада көпқабатты үйдегі өрттен 3 адамды құтқарған өрт сөндіруші ауруханада хал үстінде жатыр, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кеше Астанада Б.Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты үйде алапат өрт болды. Өрт сөндірушілер өз өмірін қатерге тігіп, бес адамды аман алып шығарды. Олардың бірі – Асқар Забикулин зардап шеккендерге көмектескенімен, денесін қатты күйік шалып, қазір өте ауыр жағдайда жатыр», – делінген хабарламада.

Өрт көпқабатты үйдің 11-қабатында тұтанған. Асқар Забикулин пәтерге терезе арқылы кіру үшін құтқару арқанымен 12-қабаттан 11-қабатқа түскен. Ал ішке ену үшін қоршауды алып тастауына тура келген. Сол уақытта ол үстіндегі камуфляж киімімен жанып жатқан пәтерге кіріп, 80 жастағы әжей мен 22 жастағы немересін оттан шығарған.

Сондай-ақ, батыл өрт сөндіруші көрші пәтерге жүгіріп барып, балконға жасырынған және қою түтіннің салдарынан шыға алмай қалған 10 жасар баланы құтқарып үлгерген.

«Асқар Забикулин асқан жанкештілігінің арқасында алапат өрттен бірнеше адамды құтқарып қалды, алайда өзі ауыр жарақат алып, өте қиын жағдайда жатыр. Өрт сөндірушіге беттің, арқаның, іштің, аяқтың жоғарғы және төменгі жағының 2-3 дәрежелі күйіктері, күйік шок деген диагноз қойылды. Зақымдану дәрежесі – 80%. Қазір ол өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр», – дейді әкімдік.

Айта кетейік, кеше елордада көпқабатты үйде өрт болып, 3 адам, оның ішінде 1 бала ауруханаға түскен еді.