ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сирия бойынша Астана процесі аясындағы жоғары деңгейдегі 5-ші халықаралық кездесудің қорытысындын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылдың басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен және тікелей қатысумен басталған процесс үлкен жетістікке жетті. Астанада өткен кездесулердің нәтижесінде Сириядағы зорлық-зомбылық айтарлықтай төмендеді. Халықтың бейбіт өмірін қалпына келтіру үшін көптеген іс атқарылды. Оған Сириядағы соғыс іс-қимылдарын тоқтату режімінің кепілгер елдерінің күш-жігерімен қатар, Сирия Үкіметі мен қарулы оппозицияның жанжалды бейбіт жолмен шешуге ұмытылысы, сонымен қатар БҰҰ тарабынан ұдайы қолдау септігін тигізді. Қазақстан келіссөздерге өз алаңын ұсына отырып, Сирия халқының қайғы-қасіретін жеңілдетуге және олардың бейбіт өмірге оралу ұмтылысына көмек көрсету арқылы зор үлес қосты. Осыған байланысты еліміз халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған күш-жігерге жәрдем көрсетуін жалғастыра береді. Біздің еліміздің саясаты бүкіл әлемдегі диалогты, өзара түсіністік пен бейбітшіліктің тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Осыған орай Қазақстан аталған дағдарысты саяси реттеуге қол жеткізу үшін бейбіт саясатын жалғастыра береді. Мүдделі тараптар арасындағы келіссөздер үшін тұғырнама ұсынатын болады», - деді Қайрат Әбдірахманов.
Оның айтуынша, Сирия бойынша Астана процесі аясындағы бүгінгі жоғары деңгейдегі 5-ші халықаралық кездесу Сириядағы соғысты тоқтату режімін нығайтуға бағытталған оң нәтижелермен аяқталды. Көптеген мәселе талқыланып, тараптар арасында нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді және алдағы уақыттағы келіссөздердің жоспары қаралды.
«Біз сириялық жанжалдың әскери шешімі жоқ екендігіне әркез сендік. Сондықтан диалог - бұл бейбітшіліктің жалғыз жолы ғана. Әскери шешім сирия халқына мұнан да зор қасірет әкеліп, өңірлік және халықаралық тараптар арасындағы жаңа қарама-қайшылықтарды туындатады», - деді Қазақстан Сыртқы істер министрі.
Сонымен қатар ол бүгін Астана процесіне қатысушылар Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуға тағы да бір маңызды қадам жасағандығын баса айтты.