05 қыр, 2017 сағат 12:32

Астана Пхеньянды ядролық пиғылынан бас тартуға шақырды

Қазақстан Солтүстік Кореяның сутегі бомбасын сынағанын тағы да айыптап, Пхеньянды ядролық пиғылынан бас тартуға және көп жақты келіссөзге қайта оралуға шақырды. Бұл жайында Қазақстан сыртқы істер министрлігінің "Солтүстік Кореяның ядролық сынағына қатысты" жасаған мәлімдемесінде айтылады.

3 қыркүйекте Пхеньян құрлықаралық баллистикалық зымыранға орнатуға болатын сутегі бомбасын сынағанын хабарлаған. АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли 4 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынында сөйлеп, Солтүстік Кореяға қарсы тезірек қатаң шаралар қабылдауға шақырды.

"Қазақстан Солтүстік Кореяның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзып мұндай әрекеттер жасауы орынсыз екенін және оны айыптайтынын мәлімдейді. Қазақстан Солтүстік Корея басшылығының бұл ісі әлемдік қауымдастықтың ядролық қарудан бас тарту және оны тараптау, қарусыздануда жұмсап жатқан күш-жігеріне елеулі нұқсан келтіріп, Корей түбегіндегі және жалпы тұтас аймақтағы қауіпсіздік пен тыныштыққа қатер төндіреді деп біледі" делінген министрік мәлімдемесінде.