«Астана Опера» Камералық залы әйгілі әнші Күләш Байсейітованың есімімен аталатын болады, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Осынау атаулы күннің құрметіне орай 13 қыркүйекте «Қазақтың бұлбұлы» концерті өтеді.
«Бүгінгі таңда «Астана Опера» Камералық залы – көптеген музыканттар өнер көрсетуге ұмтылатын еліміздің беделді концерттік алаңы. Бұл зал классикалық мұраны сақтап, жаңарып отыратын қазақстандық қоғамның рухани сұраныстарын қанағаттандыратын қазақ және әлемдік музыка мәдениеті дәстүрлерін тасымалдаушы. Аталмыш сахнада Қазақстанның ғана емес, дүниежүзінің әйгілі әртістері өз өнерлерін паш еткен, қазір де өнер көрсетіп жүр. Камералық залдың бұдан кейін Күләш Байсейітова залы боп аталуы біз үшін зор құрмет. Ол «КСРО халық әртісі» жоғары атағының алғашқы иегерлерінің және сол атақты жас кезінде алған тұлғалардың бірі. Оның табиғи музыкалық дарыны мен әлемдік музыканың асыл қазынасына қалдырған мұралары біздің жадымызда. Ол сомдаған Шұғаның бейнесі әншінің шеберлік тұрғыдан өскенін көрсетті, ал Е.Г.Брусиловскийдің «Қыз-Жібек» операсындағы Жібектің партиясы әншіге классикалық опера өнерінің шыңына көтерілуге жол ашты», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
«Бұдан бөлек, көптеген әртістеріміз Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында жұмыс істеп, көрнекті әншіге деген махаббаты мен құрметін сақтап, өздерімен «Астана Операға» тамаша опералық дәстүрлерді ала келді. Асқақ өнерге орындаушылық өнердің жұлдыздарына айналған он мыңдаған түлек сыйлаған тамаша музыка мектебі жұмыс істейтін Алматы қаласымен қатар, енді қаламызда Күләш Байсейітованың есімі қайта жаңғыратыны қуантады», - деп сөзін қорытындылады театр директоры.
Осы маңызды оқиға қарсаңында Күләш Байсейітованың қызы – Қарлығаш Байсейітова өзінің балалық шағы туралы жылы естеліктері туралы айтты, өзінің мейірімді және қамқор анасының арқасында қандай бақытты болғаны туралы көп әңгімеледі. Ол елорданың мәдени өмірі үшін «Астана Опера» Камералық залының аты аңызға айналған тұлға – Күләш Байсейітованың есімімен аталуы үлкен қуаныш екенін атап өтті.
Қызы анасының алғыс хаттарының бірнеше көшірмесін, сондай-ақ әйгілі әншінің жеке мұрағатынан алынған фотосуретті театрдың арт-галереясына тапсырды. 13 қыркүйекте театр фойесінде айтулы оқиғаға орай көрме өтеді.
«Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында өнер көрсететін барлық әртістерге табыс тілеймін, премьералар мен концерттер одан да көп болсын деп тілегім келеді, – деді Қарлығаш Байсейітова.