4 шілде күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына Astana Opera халықаралық опера академиясы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ашылу салтанатында италиялық опера әншілері Маттиа Росси, Франческо Мелли, моңғол опера әншісі Бадрал Чулуунбаатар, қырғыз опера әншісі Саян Исин, «Астана Опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетеді.
«Бұл әрине елдегі эпидемиологиялық жағдайларға сәйкес ұйымдастырылады. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы күндері тамашалай аласыздар. Astana Opera халықаралық опера академиясының ашылуы – Астана опера труппасының солистеріне сондай ақ жас әншілерге, дирижерлерге, пианистерге біліктілігін, кәсіби шеберліктерін арттыру мақсатында жүзеге асып отыр», - ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
«Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров әлемнің көптеген танымал театрларында опера академиялары бар екенін еске салды.
«Бүгінде Қазақстанда кәсіби вокал мектептері бар, ол жерде опералық ән айту өнерін үйретеді. Біздің академиямыздың ерекшелігі – конкурстық тыңдау нәтижелері бойынша академияға түскен жас әртістер вокалдан сабақ алудан бөлек, екі жыл бойы түрлі пәндерді оқиды, демек бір мезетте түрлі салада кәсіби өсу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, әлемнің танымал әншілер мен мол тәжірибесі бар тәлімгер ұстаздарды шеберлік сабағын өткізуге шақырамыз. Өздеріңіз білетіндей, операның отаны – Италия, сондықтан классикалық репертуардың айтарлықтай маңызды бөлігі итальян тілде жазылған туындылардан тұрады. Сол себепті білім беру бағдарламасына шет тілін үйрену де енгізілді. Әртістер үшін міндетті бағыттар – сахналық қимыл-қозғалыс пен актерлік шеберлік болады», - деп түсіндірді театр директоры.
Сонымен бірге, жас әртістер театр спектакльдеріне қатысып, рөлдерді орындай алады, сондай-ақ олар «Астана Опера» камералық залы сахнасында түрлі концерттік бағдарламалар әзірлей алады.