21 жел, 2021 сағат 12:50

«Астана Опера» Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Алматыда өнер көрсетеді


Алматы қаласы әкімдігінің шақыруымен желтоқсанның 21-22 күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының сахнасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік бағдарлама ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Астана Опера» театрының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Астана Опера» балет труппасының өнерін тамашалау – алматылықтар үшін әрдайым айтулы оқиға. Пандемияның салдарынан мұндай кездесулер сиреп кетті, дегенмен оның өзі көңілді бір марқайтып тастайтын. Елордалық әртістердің өткен жолғы гастрольдік сапары кезінде көпшіліктің көңілі қатты толқыды. Өкінішке қарай, біраз адамдар келе алмай, қапы қалғаны да белгілі. Енді алматылық көрермендердің балет өнерінің тұнығынан сусындап, керемет әсер алуға мүмкіндіктері бар. 

Екікүндік гастрольдік бағдарлама аясында «Астана Опера» жетекші солистерінің, атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Әнел Рүстемова, Мәдина Басбаева, Гаухар Усина, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ Олжас Тарланов пен Арман Уразов, солистер – Шұғыла Әдепхан, Серік Нақыспеков, Анастасия Заклинская, Далер Запаров, Мөлдір Шәкімованың орындауында Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді хореографиялық драмасы және Гала-балет көрсетіледі.

«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың негізгі ойы – өнерде өз орнын ойып тұрып алған бишілермен бірге солардың өкшесін басып келе жатқан жас орындаушылардың өнер көрсетуі. Сол себепті бағдарламада көпшілік көрермен Бақытгүл Испанова, Данияр Жұматаев, Дияс Құрманғазы, Аделина Төлепова, Жәнібек Ахмедиев, Жақсылық Сауқымбековті көре алады.

Бұл жолы әртістер Гала-балеттің классикалық және заманауи қойылымдарынан түрлі көрсетілімдер енгізілген екі нұсқасын дайындады. Көрермендердің назарына М.Петипаның хореографиясындағы А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен Гран-па, Р.Петидің хореографиясындағы Л.Делибтің «Коппелия» балетінен Францтың вариациясы, С.Легат пен Н.Легаттың қойылымындағы Й.Байердің «Қуыршақтар перісінен» трио, сондай-ақ П.Чайковскийдің «Аққу көлі» және Р.Дригоның «Талисман» (М.Петипаның хореографиясы) балеттерінен Па-де-де ұсынылады. Сонымен қатар әртістер Р.Ребектің хореографиясында «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат», П.Бананың қойылымындағы Қ.Шілдебаевтың музыкасына «Дала үні» және Ф.Шопеннің «Елес бал» (Д.Брянцевтың хореографиясы) балеттерінен дуэттер орындайды.

Желтоқсан айының басында әртістер гастрольдік сапармен «Астана Балет» сахнасында өнер көрсеткен еді. Әйгерім Бекетаева Зобеиданың рөлін алғаш рет сомдап, жұлдызы жарқырай түсті. Және де «Қуыршақтар перісі» балетінен үзінді билеген Бақытгүл Испанова мен Данияр Жұматаев үшін де дебют орын алды. «Елес бал» балетінен дуэтте Жақсылық Сауқымбеков те алғаш өнер көрсетті, ал Анастасия Заклинская «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэтте алғаш рет сахна төріне шықты. Жалпы, гастрольдік бағдарламада театрдың барлық солистері өздерінің шеберліктерін көрсете алды.

Алматыда өтетін екікүндік сапар кезінде көрермендер екінші бөлімде көрсетілетін Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді хореографиялық драмасын тамашалай алады. «Мың бір түн» ертегісінен шабыт алған классикалық романтикалық балеттің негізін қалаушы Михаил Фокин спектакльді сонау 1910 жылы қойған болатын.

Осылайша, ол театр әлемін таңдай қақтырды. Спектакль «Орыс мезгілдері» фестивалі аясында Парижде «Гранд Опера» сахнасында қойылды. Бір ғасыр өткеннен кейін Ресейдің халық әртісі Андрис Лиепа «Астана Опера» театрында қойылымды қайта жаңғыртып сахналады.

Н.Римский-Корсаковтың еліктірер музыкасы, сонымен қатар Лев Баксттың сызбалары негізінде қоюшы суретші Анатолий Нежный және костюмдер бойынша суретші Елена Нецветаева-Долгалеваның қолымен қайта жасалған тарихи декорациялар мен костюмдер көрерменді шығыс ертегісіндегі ғажайып әлемге жетелеп, «Астана Опера» әртістерінің шеберлігі мен дарыны естен кетпес әсер сыйлайтыны сөзсіз.