07 қаз, 2021 сағат 11:30

"Астана LRT" ісі: Cот үкімінің күші жойылды


Нұр-Сұлтан сотының сот алқасы елордада LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру дерегі бойынша айыпталушыларға қатысты үкімді жойып, заңбұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтарды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Бүгін судья Абай Көкжалов сот алқасының шешімін жариялады.

"Сот алқасы қаулы етті: қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 28 мамырдағы Рашид Аманжолов, Жанат Нұрпейісов, Талғат Әшім, Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов, Дәурен Әбдіхамитовке қатысты үкімінің күші жойылды. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының басты сот талқылауына кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтары мен нормаларын жою үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан қаласының прокурорына қайтарылды", - деді Көкжалов.

Айыпталушыларды "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

Еске салайық, 28 мамырда LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сотталушыларға үкім шыққан болатын. 

Іс бойынша айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталған:

  • Елорданың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылған, жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
  • Қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтейді, ол мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
  • Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді, ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
  • ЖШС өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылған, жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.
  • Мердігердің өкілі Дәурен Әбдіхамитов заңсыз жолмен алынған басқа тұлғалардың меншігіндегі мүлкі тәркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
  • Мердігер өкілі Дулат Мусенов 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
  • Мердігердің өкілі Тимур Қасабаев 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Айта кетейік, LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2020 жылы 29 қазанда өтті. Жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталды.

Ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС бұрынғы басшысы Талғат Ардан халықаралық іздеуде жүр. Жақында жемқорлықпен күрес қызметі Талғат Арданның қай елде тығылып жатқанын білеміз деп мәлімдеді. Қанат Сұлтанбеков болса АҚШ-та жүр.

Тергеу материалдарына сәйкес, Сұлтанбеков пен Ардан қылмыстық топ құрып, LRT құрылысына кететін шығындарды 24 миллиард теңгеге артық көрсеткен. Осы қылмысқа әкімдіктің басқарма басшылары, сондай-ақ шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысқан. Қылмыстық топ бюджетке 5 миллиард 800 миллион теңгеден астам шығын келтірді.

2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев LRT құрылысы тым қымбатқа түсетінін мәлімдеді. Бірнеше жылдан кейін қытайлық инвесторлар келді. Ал 2019 жылы шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысын сынға алып, осы жобаның тиімділігіне сенбейтінін айтты.

LRT-ның құрылысы 2019 жылдың соңында аяқталады деген жоспар болған. Алайда қытайлық инвесторлар қаржыландыруды тоқтатты. Артынан "Астана банкінде" тағы 200 миллион доллардың бұғатталып қалғаны туралы ақпарат тарады. Биыл наурыз айында Есеп комитеті бұл жоба өзін ақтамайтынын мәлімдеді.

Ал маусым айында елорда әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысының қайта жанданғанын мәлімдеді. LRT-ны толығымен аяқтау үшін қосымша 1 миллиард доллар қажет.