17 мам, 2021 сағат 15:28

"Астана LRT-дағы ақша жымқыру ісі": Прокурор айыпталушыларды 7-11 жылға соттауды сұрады


Прокурор "Астана LRT" жобасы бойынша айыпталғандарды 7-11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады. "Елдегі жемқорлықтың көрінісі" деп аталған іс бойынша сот процесі былтыр күзде Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарала бастаған еді. Биыл сәуір айында іс аяқталуға жақын қалғанда бірқатар жайттарды анықтау үшін қайта созылды, деп жазады Азаттық.

Істе 7 айыпталушы бар. Оларға "ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету" және "өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау" баптары бойынша айыптар тағылған.

Дүйсенбі күнгі жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы соттан жетеуін де кінәлі деп танып, түрме жазасын беруді сұрады. Атап айтқанда: 

  • Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы жетекшісі Рашид Аманжоловқа – 11 жыл тағайындауды, қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесіне жіберу;
  • Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы, бұрынғы депутат Жанат Нұрпейісовке – 9 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесіне жіберу;
  • Astana Innovations компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшімге – 8 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберу;
  • Еншілес компания өкілі Ұлықбек Ачиловқа – 11 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберу; 
  • Еншілес компания өкілі Тимур Қасабаевқа – 8 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберу; 
  • Еншілес компания өкілі Дулат Мүсеновке – 7 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберу;
  • Еншілес компания өкілі Дәурен Әбдіхамитовке – 11 жыл, мүлкін тәркілеп, қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберуді сұраған.

Айыпталушылардың адвокаттары айыптау жағы "істі үстірт жүргізді" деп санайды. 

Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі "ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған" деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Тергеу органдарының мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиард теңгені қағаз ақшаға айналдырған.

LRT жобасының тиімділігі жайлы мәселе Қытайдан инвестиция тартылып, құрылысы басталған сәттен (2017 жыл) бері жиі айтылып келеді. Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. 

2019 жылы жазда премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смаилов LRT жобасын жүзеге асыру үшін Қазақстанның Қытайдың даму мемлекеттік банкінен 1,5 млрд доллар көлемінде қарыз алғанын хабарлаған, оның 344 млн доллары құрылысқа жаратылып қойған.

Бірақ Қытай банкі мердігерлерге қатысы бар проблемаға байланысты қаржыландыруды тоқтатып, ақыры үкімет құрылысты аяқтау үшін қаржы бөлетінін айтқан. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.

Дегенмен астана билігі кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады. Станциялар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қысқарады.

ҚазТАГ-тың жазуынша, "Астана LRT" ЖШС жемқорлық дауынан кейін City Transportation Systems (CTS) болып өзгертілген.