Қазақстанның ұлттық экономика министрлігі Қырғызстанға 100 миллион доллар көмек қаржы бөлу туралы келісімнің күшін жоятын заң жобасын дайындады. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, құжат парламент мәжілісіне жіберілмек. Көмек қаржы Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағымен (ЕАЭО) интеграциялануы үшін берілетін болған, деп жазады Азаттық.
9 қарашада Қырғызстан парламенті Қазақстаннан 10 миллион доллар көмек алу туралы келісімнің күшін жоюды мақұлдаған.
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге 2016 жылдың 26 желтоқсанында Санкт-Петербургтегі Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің жиынында қол қойылып, биыл шілдеде Қазақстанда ратификацияланған.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі 24 қазанда Қырғызстан Астананы аталған келісімнің күшін жою процесін бастағанын ескерткенін хабарлаған. Бішкек Қырғызстанның Қазақстан қаржысын алуға мүдделі емесін мәлімдеген.
Қырғызстан Қазақстан көмегінен екі ел арасындағы қарым-қатынас нашарлай бастаған соң бас тартып отыр. Қазақстан 10 қазаннан бастап Қырғызстанмен шекарадағы тексеруді күшейтіп, оның салдарынан шекарада ұзын-сонар кезек пайда болған. Астана шекарадағы тексеруді күшейтуді "Қырғызстаннан келетін контрабандамен күрес" деп түсіндірген. Бішкек болса Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтады.